АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның рухани көсемі аятолла Али Хаменеидің мәлімдемелерінен соң Тегеранға қатысты санкцияларды жұмсартудан бас тартқанын жазды.
26 маусымда Хаменеи телеарнада мәлімдеме жасап, Иран Израильді де, АҚШ-ты да жеңді деген еді.
"Иран халқын құттықтаймын. Сионистік режим қираудың алдында қалды және Ианның соққыларынан қатты зардап шекті. Америка режимі де тікелей соғысқа араласты, себебі олар араласпаса сионистік режим толық жойылатынын сезді. Мұнда да ислам республикасы жеңді және Американы шапалақпен бір тартты" деген еді аятолла.
Трамп Thuth Social желісінде Хаменеидің мәлімдемесін "ақымақ әрекет" әрі "жалған" деп атады.
"Оның елі құртылды, оның қатерлі үш ядролық нысаны жойылды. Мен оның қайда тығылып отырғанын білдім, бірақ Израиль мен әлемдегі ең күшті әскер АҚШ-тың қарулы күштеріне оның көзін жоюға рұқсат етпедім. Мен оны жаман әрі масқара өлімнен құтқардым" деп жазды Трамп.
Израиль Тегеран уран өндірісін шамадан тыс арттырып, ядролық қару жасап жатыр деп мәлімдеп, 13 маусымда Иранның ядролық нысандарына соққы жасап, ядролық бағдарламаға қатысы бар делінген ғалымдарды өлтірген. Кейін Иран да жауап ретінде Израильге ракеталармен шабуылдаған.
22 маусымда АҚШ Иранның ядролық нысандарына шабуылдап, соққы жасаған. 24 маусымда АҚШ президенті Дональд Трамп Иран мен Израиль атысты тоқтатқанын мәлімдеген.